«Азаматтарға арналған үкімет» басқарма төрайымының жаңа орынбасарлары тағайындалды

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бұйрығымен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төрайымының жаңа орынбасарлары тағайындалды. Бүгін мемлекеттік корпорацияның жаңа лауазым иелерін ұжымға ведомствоның вице-министрі Абылайхан Оспанов таныстырды.

 Атап айтқанда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрайымының бірінші орынбасары болып Сүйеніш Әбділдин тағайындалды. Ал корпорацияның қаржы мәселесіне жауап беретін төрайым орынбасары ретінде Нұрсұлтан Абаханов тағайындалды.

Сүйеніш Әбділдин 2011 жылы Қазақстан-Британ техникалық университетін «Компьютерлік технологиялар және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша бітірді. 2014 жылы Ұлыбританиядағы Бирмингем университетінде білім алған, информатика магистрі дәрежесі бар.

Еңбек жолын 2011 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да жетекші маман ретінде бастаған. 2012-2013 жылдары «ЭПАМ Қазақстан» ЖШС-да бизнес талдаушы болып жұмыс істеді. 2014-2018 жылдар аралығында «Қазпошта» АҚ әр түрлі лауазымдарда қызмет етті. «Toolpar» ЖШС-нің басқарушы серіктесі / бас директоры болды. Азаматтарға арналған үкіметке тағайындалғанға дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңесшісі қызметін атқарды.

Ақпараттық технологияларды дамыту, мемлекеттік қызметтерді бизнес-процестерді автоматтандыруда үлкен тәжірибесі бар.

Нұрсұлтан Абаханов 2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Әлем экономикасы» мамандығы бойынша бітірді. 2009 жылы Халықаралық бизнес академиясын корпоративті менеджмент мамандығы бойынша аяқтады. Сонымен қатар Алматыдағы экономика және құқық институтында «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алды.

Еңбек жолын 2005 жылы банк секторында бастап, онда 12 жыл еңбек етті.  Жекеменшік және мемлекеттік басқару (ҚР Ұлттық экономика министрлігі) саласында тәжірибесі бар. Сондай-ақ «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-да басшылық лауазымда болды. Мемлекеттік корпорацияға тағайындалғанға дейін ол «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығы» АҚ-да жұмыс істеді.