Қолданба ретінде орнату
1) Safari немесе Chrome браузерін ашыңыз
1.1) Safari Үшін
2.2) Chrome үшін мәзірді ашыңыз
2) Үйге арналған экранға

1414

Мемлекеттік қызметтер
сұрақтары бойынша
бірыңғай байланыс орталығы
1
Құрылу тарихы

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2015 жылғы 20 мамырдағы «Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» бағдарламасына енгізілген қадамдардың бірі - «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) құру. Ол Канададағы Canada Service және Австралиядағы Centrelink үлгісі бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарын бір жүйеге біріктіру арқылы мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай провайдеріне айналып, Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік береді.

Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында 2015 жылғы 17 қарашада «Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №408-V Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, соған сәйкес Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде жеке тұлғаларға және (немесе) заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша көрсету, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, ғимараттарды, құрылыстарды және (немесе) олардың құрамдас бөліктерін техникалық тексеру, мемлекеттік жер кадастрын жүргізу, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру Мемлекеттік корпорацияға жүктелді.

Сосын «Мемлекеттік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі 2016 жылғы 29 қаңтарда «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы» № 39 қаулы қабылдады. Онда Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің «Халыққа қызмет көрсету орталығы», Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Жылжымайтын мүлік орталығы», Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер ресурстарын басқару Комитетінің «Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы» және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорындарын біріктіру арқылы жарғылық капиталда мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы айтылған.

2016 жылғы 7 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы шешімі негізінде аталған мемлекеттік кәсіпорындарды қайта құру арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды, ол заңда белгіленген тәртіппен Астана қаласының Әділет департаментінде тіркелді.
Мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Уәкілетті тұлғасының 2016 жылғы 8 сәуірдегі №01 бұйрығымен ел аймақтарында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 1 өкілдігі мен 70 филиалы құрылды.

2016 жылғы 29 сәуірде Мемлекеттік корпорацияның Директорлар кеңесінің бірінші отырысы өткізіліп, онда Мемлекеттік корпорацияның ішкі құжаттарын бекітумен қатар Басқарма құрамы сайланды.

Директорлар кеңесінің 2017 жылғы 12 сәуірдегі шешімімен Мемлекеттік корпорацияның ұйымдық құрылымына өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік корпорация басқармасы аппаратының құрамына Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық инспекциялау дирекциясы, Мемлекеттік қызмет көрсту дирекциясы және Әлеуметтік төлемдер бойынша ведомствоаралық есеп айырысу орталығының дирекциясы кірді.

Осылайша, елдегі мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай провайдері ретінде жаңадан құрылған Мемлекеттік корпорацияның қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған барлық органдар іске қосылды.

Бүгінде мемлекеттік корпорацияда 18 мың жұмыскер жұмыс істейді.

2
Миссиясы мен пайымы

Соңғы он жылда әлем жаңа экономика түріне қарай қарқынды жылжып келеді, оны қалыптастырудың негізгі құралы цифрлық технологиялар болып табылады. Заманауи жағдайларда ақпараттық технологиялар мен цифрлық трансформация қызмет көрсету сапасын арттыруды, өнімділікті түбегейлі арттыруды, бәсекелестікке қабілеттілікті қамтамасыз ету шарты және технологиялық өзгерудің негізгі факторы болып табылады. 2016 жылы біз өз миссиямызды жеке және заңды тұлғаларға бірыңғай мемлекеттік қызмет провайдерімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын, ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру ретінде қалыптастырдық. Қазіргі кезде заманауи әлем талаптары назарға алына отырып, Мемлекеттік корпорацияның даму векторы озық технологиялар жағына, қызметтерді көрсетудің жаңа тәсілдерін іздеуге және жаңа аумақтарды игеруге, командамыздың ішкі әлеуетін дамытуға бағытталған. 3 Қазіргі таңда Мемлекеттік корпорацияның келесі кезеңге міндеттерін қалыптастыра отырып, біз өзіміздің келесі даму деңгейімізді айқындайтын мақсаттарды және біз үшін маңыздырақ жұмыс принциптері мен басымдылықтарды нақтылаймыз. Мемлекеттік корпорацияның миссиясы – мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді белсенді ұсыну қағидатын енгізу, оларды технологиялық шешімдерді пайдалана және жоғары сервис деңгейін қамтамасыз ете отырып, ыңғайлы заманауи арналар арқылы бірыңғай провайдермен көрсету. Мемлекеттік корпорацияның пайымы – Мемлекеттік корпорация – белсенді, клиентке бағдарланған және инновациялық тәсілдер қолданыла отырып, қызмет алушылардың сұранымдарына жауап беретін сервистер мен қызметтерді алудың бірыңғай алаңы. Бұл ретте, Мемлекеттік корпорация өз қызметінің бастысы ретінде келесі құндылықтарды қояды:

1. Меритократия: әр адамның қосқан үлесі мен жетістіктерін бағалаудың әділдігі мен объективтілігі.

2. Құрмет: команданың басқа мүшелеріне құрметпен қарау.

3. Адалдық: команда ішіндегі және өзінің әріптестеріне деген адалдық.

4. Ашықтық: байланыстар мен әріптестерге деген ашықтық.

5. Командалық рух: бірлескен қызметтен жоғары нәтижелерге жетудегі ынтымақтастық.

6. Сенім арту: өзара көмек пен сенім мәдениетінің адалдығы.

Мақсаты: Мемлекеттік корпорацияның азаматтар мен бизнес үшін бір көзден қызметтер мен сервистерді көрсетуі, бірыңғай провайдер қызметін жетілдіру.

3
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ережесі

Мемлекеттік корпорация - жеке тұлғаларға және (немесе) заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша көрсету, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, ғимараттарды, құрылыстарды және (немесе) олардың құрамдас бөліктерін техникалық тексеру, мемлекеттік жер кадастрын жүргізу, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыруды жүзеге асыратын бірыңғай провайдер.

4
Акционерлік капиталдың құрылымы

    2018 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Мемлекеттік корпорацияның жарғылық капиталы 31 579 946,0 мың теңгені, меншікті капиталы - 37 945 515 мың теңгені құрады.

    Жарияланған және шығарылған акциялар саны - 2020 жылғы 27 тамыздағы Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлігіне 34 623 109 (отыз төрт миллион алты жүз жиырма үш мың бір жүз тоғыз) дана жай акция.

    Орналастырылған және төленген жай акциялар саны - 31 579 946 (отыз бір миллион бес жүз жетпіс тоғыз мың тоғыз жүз қырық алты) дана жай акция.

    Бір акцияның атаулы құны (құрылтайшылар төлеген кезде) - 1 000 (мың) теңге