2022 жылмен салыстырғанда қоңыраулар саны шамамен 24% - ға өсіп, 7 миллионнан астам қоңырауды құрады. Өткен жылы азаматтарды төлқұжат пен жеке куәлік алу, жүргізуші куәлігіне өтініш беру, баланың тууы мен күтімі бойынша жәрдемақы тағайындауға қатысты сұрақтар жиі қойылған.
Айта кетер болсақ, 1414 мемлекеттік қызметтер, eOtinish жүйесі, ХҚКО-лардың қызметі және құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді. Бұдан өзге, операторлар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық көмек алу бойынша әлеуметтік-еңбек саласының сұрақтарына да жауап бере алады.
Сонымен қатар, өткен жылы бірыңғай байланыс орталығының желісіне 24/7 режимінде сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер және ақпараттық қолдау көрсететін робот енгізілді. Ол ХҚКО-ға кезек брондау, құжаттардың дайындығын тексеру, психо- және наркологиялық диспансердің анықтамаларын беру сияқты сұранысқа ие сервистерді көрсете алады. Осы ретте айтар болсақ, 2023 жылы роботтың көмегіне 5 миллионнан астам рет жүгінген.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың сәуір айында 1414 бірыңғай байланыс орталығы Мемлекеттік корпорацияға берілген болатын. Қазақстанның 7 қаласында орталық кеңселері орналасып, 500-ден астам оператор жұмыс істеуде. Сондай-ақ, биыл 1414 орталығы "Хрусталь гарнитура" халықаралық байқауына қатысып, 444 компания ішінен финалистердің үштігіне кірді.