Қолданба ретінде орнату
1) Safari немесе Chrome браузерін ашыңыз
1.1) Safari Үшін
2.2) Chrome үшін мәзірді ашыңыз
2) Үйге арналған экранға

1414

Мемлекеттік қызметтер
сұрақтары бойынша
бірыңғай байланыс орталығы

#Біз жылу сыйлаймыз: Азаматтарға арналған үкімет қызмет көрсету тәсілін өзгертуде

Бүгін елордадағы Есіл ауданының 1 ХҚО бөлімінің келушілеріне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева қызмет көрсетті. Дәстүрлі қызметтен бөлек, ол дүниеге енді келген егіздерінің құжатын алған ата-ананы, 38 жыл еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан оқытушыны және 16-ға толып, алғашқы жеке куәліктерін алған ағалы-қарындас Рауан мен Аружанды салтанатты түрде құттықтады. Құжаттардан бөлек, мемлекеттік корпорацияның басқарма төрайымы естелік сыйлықтар да табыстады.

Естеріңізге салайық, бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлердің корпоративті құндылықтарын қалыптастыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, ХҚО қызметкерлері баласының туу туралы куәлігін, жеке басын куәландыратын құжатты немесе жүргізуші куәлігін алғаш алған, зейнетке шығып жатқан келушілерді өміріндегі ұмытылмас сәттерімен құттықтап, жылы лебіздерін білдіреді.

Әсемгүл Балташеваның айтуынша, мемлекеттік корпорация мемлекеттік қызметтерді дәстүрлі түрде көрсету шеңберінен шығуға ұмтылып, келушілерге жылу мен мейірімділік сыйлауға дайын. «Әлем өзгерді, онымен бірге біз де өзгеруіміз керек. Қызмет алушыларды жігерлендіріп, қуанышын бөлісіп, әркез қолдауымыз қажет. Маркетологтар мұны тұтынушының қалауын табу дер, ал біз оны шынайы ықылас таныту деп атар едік», – дейді Балташева.

Төрайым қолынан құжат алғандар да өз пікірін айтуды жөн көрді. «Мемлекеттік корпорация төрайымының қыздарымыздың алғашқы құжаттарын табыстағанына өте қуаныштымыз. Қолы жеңіл болып, олардың да жолы ашық әрі жарқын болады деп сенеміз», – деді Данелия мен Адалин есімді егіздердің әкесі Ренат Шаймарданов.

Білім беру саласында 38 жыл еңбектенген Салтанат Артықова зейнеткерлікке байланысты құжаттарын реттеуге келген. Ол мемлекеттік қызмет көрсету саласында мұндайды бірінші рет кездестіргенін жасырмады: «Құрметті демалысқа шығуыммен құттықтап жатқандарыңызға көп рахмет, өте жағымды әсер алдым. Елімізде өз азаматтарына осындай ілтипат көрсететін ұйымдардың бары қуантады».

ХҚО-да қызмет көрсетудің жаңа тұжырымдамасы биылғы қыркүйекте басталды. #Бізжылусыйлаймыз жобасы аясында еліміз бойынша 20 мыңға жуық қазақстандық қызмет алды. Бұл деректің тек ұлғая түсері анық, себебі мемлекеттік корпорацияның басқарма төрайымынан кейін, осы аптадан бастап, ХҚО-да Азаматтарға арналған үкіметтің төрайым орынбасарларынан, басқарушы директорларына дейін барлық топ-менеджмент азаматтарға қызмет көрсетеді. Өңірлерде – филиал директорлары және орынбасарлары. Олардың барлығы келушілердің өміріндегі ең маңызды сәттерінің куәсі болып, жылы лебіздерін білдіретін болады.