Жаңалықтар

Жаңалықтар

Азия мен Еуропаның мемлекеттік қызметшілері Азаматтарға арналған үкіметтің жұмысымен танысты

29.11.2019

Бүгін Алматы қаласындағы Медеу ауданының фронт-офисінде Азия және Еуропа елдерінің мемлекеттік қызметшілерінен тұратын делегация арнайы қонақ болды. Қазақстандағы мемлекеттік қызметтердің бір провайдер арқылы көрсетілу ретін меймандарға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева айтып берді.

Қазірде мемлекеттік корпорация арқылы реестрдегі мемлекеттік қызметтердің 89 % көрсетіледі. Қазақстандағы 348 фронт-офистен қазақстандықтар орта есеппен жыл сайын 30 млн қызмет алады. Азаматтарға арналған үкіметтің негізгі көрсеткіштерімен таныстырған басқарма төрайымы қонақтарға «Цифрлық» білім беру сыныбын көрсетіп, мобильді азаматтар базасы және оған тіркелу жолдары туралы айтып берді.
«Электрондық үкіметті дамытудың әлемдік индексі бойынша Қазақстан БҰҰ рейтингінде 39 орында, оның ішінде Азия бойынша – 8-інші, ал «онлайн-сервис» индикаторы бойынша – 26-орында. Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру, цифрлық дағдыларды оқыту, жаңа технологияларды енгізу бойынша жүргізіліп жатқан барлық жұмыс қызмет көрсету деңгейін жақсарта отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету саласын түбегейлі өзгертеді және мемлекет пен азамат арасындағы байланысты нығайта түседі», – деп айтып өз сөзінде Әсемгүл Балташева. 
 Делегация өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді биометрия мәліметтері арқылы алуға мүмкіндік беретін жобамен танысты. Саусақ ізі көмегімен сұранысқа ие анықтамаларды бүгінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Түркістан қалаларының тұрғындары ала алады. Қонақтар, бұдан бөлек, ХҚО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсететін Connection Point аймағы,  мобильді ХҚО туралы мол мағлұмат алып, мемлекеттік қызметтерді смартфон арқылы алуға мүмкіндік беретін EGov mobile қосымшасы мен Facebook, Vkontakte және Telegram мэссенджерлерінің жұмыс ретімен танысты.     
Естеріңізге салайық, делегация өкілдері 27-29 қараша аралығында 2030 жылға дейінгі тұрақты даму бойынша БҰҰ-ның күн тәртібіндегі мақсаттарын жүзеге асыруда білім беру ұйымдары мен мемлекеттік басқару институттарын нығайтуға арналған семинарға қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда қолдау табу үшін мемлекеттік қызметшілердің мүмкіндіктерін дамытуға атсалысу, сондай-ақ мемлекеттік басқару институттарының дамуы туралы ақпарат алмасу. Шара барысында Нидерланд, АҚШ, БАӘ және басқа елдердің жетекші сарапшылары мемлекеттік басқарудың озық тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар БҰҰ, БҰҰДБ, Астана мемлекеттік қызмет хабының Астанадағы мемлекеттік қызмет хабы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қолдауымен ұйымдастырылды.