Жаңалықтар

Жаңалықтар

«Азаматтарға арналған үкімет» командасы «TÚNGІ FÝTBOL LIGASY» 3-кезеңінің жеңімпазы атанды

14.08.2019

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының командасы финалдық ойында «Астана» ӘКК АҚ ойыншыларын 4:2 есебімен жеңіп, мемлекеттік қызметкерлер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері арасында ұйымдастырылған «QAZAQSTAN QYZMET CUP: TÚNGІ FÝTBOL LIGASY» атты шағын футболдан Қазақстан Республикасы Чемпионатының 3-ші маусымының жеңімпазы атанды. Бүгін команда мүшелері бірауыздан шешім қабылдап, жеңіс кубогін «Азаматтарға арналған үкімет» төрайымы Әсемгүл Балташеваға салтанатты түрде табыс етті. 

Бұл маусымда мемлекеттік корпорацияның құрамасы 11 ойынның 10-ында жеңіске жетіп, 1 ойында тең түсті. Осылайша 33 ұпайдың 31-ін жинап, чемпион атанды.
Үш ай бойы 24 команда екі дивизионға – «QUAT» және «BIRLIK» лигаларына бөлініп, айналмалы жүйе бойынша ойнаған болатын. Нәтижесінде «QUAT» лигасында «Азаматтарға арналған үкімет» футболшылары жеңіске жетті, ІІМ командасы күміс жүлдені иеленсе, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ үшінші орынды місе тұтты.
- Біздің команданың ойыншылары орталық аппарат пен Нұр-сұлтан қаласы бойынша филиал қызметкерлерінен тұрады, – дейді құраманың голкипері Уәлихан Омарбеков, – Командамыз 2017 жылы жасақталған болатын. Жұмыстан бос уақытта өзіміз үшін жаттығып, корпорацияда ұйымдастырылатын түрлі жарыстарға қатысып жүрдік. Түнгі лигаға былтырдан бастап қатысып келеміз. Бір жақсысы, бұл турнир кешкілік уақытта басталады, яғни барлық қатысушылар жұмыстан кейін өз командаларының құрамында ойнауға мүмкіндігі бар.
Жарыстың қорытындысы бойынша дәстүрлі марапаттардан бөлек, номинациялар бойынша жеке ойыншылар анықталды. Осы маусымда қарсыластарының қақпасына 21 гол салған мемкорпорация құрамасының ойыншысы Мадияр Тұрманов турнирдің «үздік бомбардирі» атанды. Енді жүлделі орындарға ие болған командалар үстіміздегі жылдың 16-18 тамызында Щучинск қаласында өтетін ҚР чемпионатының финалына қатысады.
Естеріңізге сала кетейік, спорттық шараның ұйымдастырушылары ҚР МҚІА, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ QAZAQSTAN SPORT LEAGUE ҚБ.