Заңдылық, адалдық және ашықтық қағидаттарын қамтамасыз ету – «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы қызметінің негізгі басымдықтарының бірі.
Осы мақсатта Мемлекеттік корпорацияда сыбайлас жемқорлық және алаяқтық тәуекелдеріне қарсы іс-қимыл бойынша нақты профилактикалық рәсімдерге негізделген комплаенс-шаралар жүйесі енгізілген.
1. Операциялық және басқарушылық қызметтегі тәуекелдерді талдау.
Күнделікті мониторингпен қатар жоспарлы негізде ішкі сыбайлас жемқорлық және алаяқтық тәуекелдеріне талдау жүргізіледі. Оның аясында Мемлекеттік корпорация қызметінің белгілі бір бағыты бойынша процестер жан-жақты зерделенеді.
Мысалы, 2025 жылы жер кадастры, азаматтық хал актілерін тіркеу, заңды тұлғалар мен жылжымайтын мүлікті тіркеу, кадрлық қамтамасыз ету, әкімшілік-шаруашылық қызмет және коммерция сияқты сыбайлас жемқорлыққа сезімтал бағыттар бойынша 5 талдау жүргізілді.
Нәтижесінде 31 тәуекел анықталып, 69 нақты іс-шарадан тұратын түзету әрекеттерінің жоспарлары әзірленді, олардың бірқатары бүгінде орындалды.
Биыл мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне талдау аяқталды, ал әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы жоба Мемлекеттік корпорация басшылығының қарауына жолданды.
Әрбір іс-шара алдында талданатын сала бойынша шағымдар мен ұсыныстар жиналады. Қорытындысында кез келген азамат нәтижелерді талқылауға қатыса алады. Бұл туралы Мемлекеттік корпорацияның сайтында тұрақты түрде тиісті хабарландырулар жарияланады.
2. Мүдделер қақтығысын реттеу.
Қазіргі заманда жеке мүдделердің қызметтік міндеттермен қайшылыққа түсуі сирек жағдай емес.
Мемлекеттік корпорация бұл мәселеде осындай жағдайлар туралы уақтылы хабарлау және сыбайлас жемқорлық, алаяқтық тәуекелдері мен қызметтік нұсқаулықтарды бұзу қаупін болдырмайтын барынша «жұмсақ» реттеу тәсілдерін қолдану саясатын ұстанады.
2025 жылы жұмыскерлердің 1065 декларациясына талдау жүргізіліп, 51 мүдделер қақтығысы анықталып, реттелді. Ағымдағы жылы 468 декларация зерттеліп, олардың 13-і бойынша мүдделер қақтығысы белгіленді.
Мүдделер қақтығыстары алқалы комиссиялар құрамынан шығару және шешім қабылдауға қатысудан бас тарту, ауыстыру және қол қою құқығын беру, шарттарды бұзу және жұмысқа қабылдаудан бас тарту, үлестерді сату және заңды тұлғалардағы өкілеттіктерді тоқтату арқылы реттелді.
3. Мәмілелер жасасу кезінде тиісті тексеру жүргізу.
Мемлекеттік корпорация қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, көлеңкелі және өзге де заңсыз қызметке тартылу тәуекелдерін азайту мақсатында әлеуетті және қолданыстағы контрагенттерге кешенді тексерулер жүргізеді.
Мысалы, 2025 жылы 112 кешенді тексеру жүргізіліп, оның аясында контрагенттердің және олармен аффилиирленген 2000-нан астам тұлғаның сенімділігі зерттелді. Нәтижесінде жекелеген сенімсіз контрагенттермен жалпы сомасы 650 млн теңгеге мәмілелер жасаудан бас тартылды. Сонымен қатар 186 млн теңге сомасындағы 6 шарт бойынша тәуекелдерді жою шаралары қабылданды.
Ағымдағы жылы осындай 100-ден астам тексеру жүргізілді.
4. Бастамашыл хабарлау арналары арқылы келіп түскен хабарламаларды тексеру.
Мемлекеттік корпорацияда сыбайлас жемқорлық, алаяқтық және әдеп нормаларын бұзу фактілері туралы анонимді хабарлауға жағдай жасалған.
Кез келген клиент немесе жұмыскер ресми сайт арқылы, 1414 бірыңғай байланыс орталығының нөміріне қоңырау шалу арқылы немесе Compliance.control@gov4c.kz арнайы электрондық поштасына хабарлама жолдау арқылы өтініш қалдыра алады.
2025 жылы 100-ден астам өтініш қаралып, әрқайсысы бойынша тиісті тексерулер жүргізілді. 21 өтініш бойынша өтініш берушілердің уәждері толық немесе ішінара расталды.
Соның ішінде 20 өтініш бойынша кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 1 жағдайда еңбек шарты бұзылды.
Сонымен қатар 4 өтініш бойынша материалдар процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.
5. Жұмыскерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама және комплаенс саласындағы саясат талаптарына оқыту.
Тек өткен жылдың өзінде жаңартылған оқу материалдары бойынша кейінгі тестілеумен бірге Мемлекеттік корпорацияның 19 мыңнан астам жұмыскері оқытудан өтті. Ағымдағы жылы жаңадан қабылданған 490 маман оқытылды.
Жоғарыда аталған комплаенс қызметінің барлық бағыттары бойынша жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар сыйлықтарды қабылдау және беру, мәдени-ойын-сауық және өкілдік іс-шараларға қатысу мен ұйымдастыру мәселелері тұрақты бақылауда ұсталады.