Халыққа қызмет көрсету орталықтарының құрылғанына биыл 20 жыл толды. Пилоттық жобадан басталған ХҚКО-лар екі онжылдық ішінде азаматтарға мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы, ашық, қолжетімді түрде ұсынатын орнықты жүйеге айналды.
Бүгінгі таңда ХҚКО-лар бұл – азаматтарға күнделікті сапалы қызмет көрсететін заманауи стандартқа сай сервистер мен жоғары білікті мамандар. Жыл сайын орталықтар арқылы шамамен 15 миллионға жуық өтініш қабылданып, әрқайсына жіті назар аударылады және кәсіби қолдаумен қамтамасыз етіледі.
«Жиырма жыл ішінде халыққа қызмет көрсету орталықтары азаматтардың сұранысы мен технологиялық трендтерге сәйкес дамып келеді. Бұл жұмыстың басты қозғаушы күші – сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін мамандар. Олардың кәсібилігі жүйеге деген сенімнің басты кепілі және оның одан әрі дамуының негізгі факторы», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Мерейтой аясында Мемлекеттік корпорацияның барлық филиалдарында қызметкерлер, саланың ардагерлері және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен салтанатты шаралар ұйымдастырылды. Ең үздік мамандар жүйені дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін мерейтойлық белгілермен марапатталды. Сондай-ақ, Мемлекеттік корпорацияның барлық филиалдарында корпоративтік, шығармашылық және әлеуметтік іс-шаралар, сонымен қатар өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары қатысқан республикалық Спартакиаданы қамтыған ауқымды спорттық бағдарлама өткізілді.
Ұйымдастырылған іс-шаралар жаңа бастамаларды жүзеге асыруға серпін беріп, халыққа қызмет көрсету орталықтары дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Алдағы уақыттағы негізгі басымдық – цифрлық сервистерді кеңейту, «ЦОН» мобильді қосымшасын жетілдіру және онлайн-қызметтердің ыңғайлылығын арттыру. Сонымен қатар, жаңа сервистерді тиімді қолдануға мүмкіндік беретін оқыту бағдарламалары мен цифрлық шешімдер арқылы кадрлық әлеуетті дамыту жұмыстары да жалғасуда.
Жиырма жыл ішінде халыққа қызмет көрсету орталықтары мемлекеттік жүйенің маңызды құрамдас бөлігіне айналып, азаматтарға күнделікті ыңғайлы және қолжетімді форматта қызмет көрсетіп келеді. Жиырма жылдық белес – тек жеткен нәтижелерді атап өту емес, сонымен қатар жүйенің тұрақты дамуы ең алдымен оның сенімді әрі кәсіби мамандарына тікелей байланысты екенін айқындайтын маңызды кезең.