Қазақстанда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақстан балалары» атты республикалық онкүндік басталды. 21 мамыр мен 1 маусым аралығында Мемлекет басшысының тапсырмасымен бүкіл ел аумағында өскелең ұрпақты қолдауға және дамытуға бағытталған іс-шаралар өткізілуде. Іс-шаралардың маңызды бір бөлігі – Кибер Тұмар күні болды. Бұл күнге ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы белсене атсалысты.
Онкүндіктің айшықты оқиғасы – елордадағы Халыққа қызмет көрсету орталығында бастау алған Кибер Тұмар күні болды. Бұл күні еліміздің барлық өңіріндегі ХҚКО-лар 6 жастан бастап 12 жасқа дейінгі мектеп оқушыларына өз есігін айқара ашып, оларды цифрлық сервистермен таныстыру мақсатында қызықты әрі танымдық экскурсиялар ұйымдастырды. Шара интерактивті форматта өтіп, балалар мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, заманауи технологиялардың бұл процестерді қалай жеңілдететінін көзбен көріп, зерделеді. Қатысушылар цифрлық әлемге бойлап, мемлекеттік құжаттардың жалған не түпнұсқа екенін анықтауды үйренді, сондай-ақ жеке деректерге аса ұқыптылықпен қараудың, оны интернетте қорғау қажеттілігінің маңызын түсінді. Іс-шараның жалпы атмосферасы қызықты, қатысушыларды шабыттандыратындай болды – бұл балалардың мемлекеттік процестерге деген қызығушылығын арттырып, цифрлық гигиенаның негіздерін меңгеруге жол ашты.
Мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев бұл шараға қатысты пікір білдіріп, ойын жеткізді:
«Қазіргі балаларға цифрлық мәдениет таңсық емес, олар болашақ технологиялық дамудың негізін салуға ықпал ететін жасампаздар. Сондықтан оларда цифрлық ортада қауіпсіз әрі саналы әрекет ету дағдыларын ерте жастан қалыптастыру өте маңызды. Кибер Тұмар күні – бұл жай ғана интерактивті шаралар сериясы емес, сауатты, жауапты және қорғалған буынды қалыптастыруға қосқан маңызды үлес. Біз балалардың шынайы қызығушылығын көріп қуандық және олардың алған білімдері болашақта берік негіз боларына сенеміз».
Іс-шаралар түрлі форматта өткізілгеніне қарамастан, барлық ХҚКО-да балалардың берік базалық цифрлық дағдыларын қалыптастыруға әсер ететін барынша қызықты оқу процесін ұйымдастыру басты назарда болды. Бұл кездесулер балалар үшін үлкен жаңалықтар ашты – олар мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, таныс процестердің артында қандай технологиялар тұрғанын білді және цифрлық сауаттылықтың қазіргі өмірдің ажырамас бөлігі екеніне көз жеткізді.
Бағдарлама соңында барлық қатысушыларға Мемлекеттік корпорацияның қызметімен және интернеттегі қауіпсіздік негіздерімен танысқаны туралы сертификаттар табысталды.
Жалпы, бұл шара ел бойынша 300-ден астам баланы біріктіріп, ойын, тәжірибе және ашық диалог арқылы цифрлық орта туралы саналы көзқарас қалыптастырудың жарқын үлгісіне айналды.