«Digital Almaty 2025» халықаралық цифрлық форум аясында Әзербайжан мен Моңғолиядан келген делегация мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы қазақстандық тәжірибемен танысу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Оларға мемлекеттік корпорацияның сервистерін қоса алғанда, заманауи цифрлық шешімдер, сондай-ақ онлайн-өтініш беру және электрондық қызметтерді алу процесі көрсетілді.
Қонақтардың ерекше назарын аударған құжаттама терминалы болды. Оның көмегімен азаматтар 5 минут ішінде төлқұжат пен жеке куәлікке тапсырыс беріп, түскен суретін таңдап, мемлекеттік баж салығын төлей алады. Қызметтің ыңғайлылығы мен жылдамдығы қонақтарды ерекше таң қалдырды және олар қызметті ұсынудағы бұл тәсілдің тиімділігін атап өтті.
Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істейтін кез-келген уақытта дайын құжаттарды алып кетуге болатын постоматтар көрсетілді. Айта кетейік, қауіпсіздіктің жоғары деңгейі, түсінікті интерфейс және уақыт талғамай құжатыңды алып кету қазақстандықтар арасында сұранысқа ие және ыңғайлы қызмет түрі.
Азаматтардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын едәуір жеңілдететін электрондық және проактивті мемлекеттік қызметтер шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.
«Халыққа қызмет көрсету орталығындағы қызмет көрсету сапасы бізге ұнады. Құжат беруден бастап, әлеуметтік қызметтерді көрсетуге дейін бәрі бір орталықта шоғырланған. Қазіргі заманғы технологияны барынша қолдану әр тұрғынның уақытын үнемдеу деп білеміз. Қонақжайлылықтарыңыз үшін алғыс білдіреміз және алдағы уақытта жемісті әріптестік орнатамыз деп ойлаймын. Сіздерді Бакуде күтеміз», - деді өз сөзінде Әзірбайжан делегациясының өкілі, IT бағыты бойынша DOST агенттігі басқарма төрағасының кеңесшісі Назиля Гашим заде.
Сонымен қатар, делегаттар орталықтағы аймаққа бөлініп қызмет көрсету, жеңілдік терезелері, күту залдары, ана мен бала бөлмесі халық үшін өте ыңғайлы екенін атап өтті.
Көршілес мемлекеттен келген делегаттар, қызмет көрсетудегі жаңашылдықтар мен инновациялық жобалардың көш ілгері екенін атап өтті.
«Біз қызмет алу әр тұрғын үшін сапалы әрі жылдам етуді мақсат етіп отырмыз. Мемлекеттік корпорация цифрлық жүйеге өту арқылы әр кезеңде мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландырып, кедергісіз алуға және қажетсіз бюрократиялық кедергілерді болдырмауға көмектеседі. Ең маңызды мақсат — әр кезеңде ашықтықты қамтамасыз ету» - деді өз сөзінде «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Басқарма Төрағасының орынбасары Айбат Ильясов.
Делегация мүшелері мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы қазақстандық тәжірибені жоғары бағалап, мұндай шешімдер азаматтар үшін өте ыңғайлы әрі қолжетімді екенін айта келе, басқа елдерде де осындай тәжірибелерді енгізу үшін тамаша үлгі болып табылатынын атап өтті.