«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы серіктес іздейді. Өтінімдерді қабылдау 2024 жылдың 28 қазанынан 8 қарашаға дейін жалғасады. Серіктестіктің үш түрі ұсынылады.
Мемлекеттік корпорацияның серіктестері мемлекеттік қызметті көрсету үшін өтініштерді қабылдау мен оның нәтижесін беру қызметтерін атқарады. Ол үшін «Азаматтарға арналған үкіметпен» келісімге отыру керек. Айта кетейік, қатысудың үш түрі ұсынылады:
• Мемлекеттік корпорация агенті – жасаған қызметі үшін ақы алу мүмкіндігімен Мемлекеттік корпорация атынан мемлекеттік қызметтерді көрсету;
• Жүйе серіктесі – мемлекеттік қызмет көрсету үшін халыққа қызмет көрсететін жеке орталық құру;
• ХҚКО-ны сенімгерлік басқаруға алу – азаматтарға мемлекеттік қызметтерді жоғары сапада көрсету мақсатында халыққа қызмет көрсету орталығын басқару.
Мемлекеттік корпорацияның серіктесі атану үшін gov4c.kz сайтына кіру керек. Басты бетте «Мемлекеттік корпорациямен серіктестік» қосымшасына өтіп, сауалнаманы толтыру қажет. Әрбір өтінім «Азаматтарға арналған үкіметтің» талаптары мен серіктестің мүмкіндігіне сай қарастырылады.
Айта кетейік, дербес деректерге қол жеткізетін тараптар деректерді қорғау мен құпиялылықты қамтамасыз етуге міндетті.