Елордалық АХАТ-та ерлі-зайыптылар алтын және зүбәржат тойларын атап өтті. Мемлекеттік корпорация қуаныш иелеріне неке қию куәлігінің көшірмесін салтанатты түрде табыстады.
Мерекелік залға Мендельсон маршының әуенімен сан жылдарды бірге өткерген ерлі-зайыптылар кірді. Олар «Азаматтарға арналған үкіметтің» мөрі басылған жаңа үлгідегі неке куәлігін алып қана қоймай, мерейтой иелеріне арналған құрмет кітабына қол қойды. Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев ерлі-зайыптыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Бүгінгі қуаныш тек сіздердікі ғана емес, Мемлекеттік корпорация үшін де айтулы оқиға. Өмірдің ащысын да, тәттісін де бірге татып, жарты ғасырдан аса бірге болу дәуірге тең», – деді ол.
Отау құрғандарына 55 жыл толған Марина Серовая мен Геннадий Серовый некелерін 1969 жылы қиған. Қариялар отбасын құрған уақытта жастары 20-дан асқан екен. Бүгінде ерлі-зайыптылардың екі ұлы, төрт баласы және 2 шөбересі бар. Марина Дмитриевнаның айтуынша, отбасындағы жылулықты сақтау үшін ерлі-зайыптылар бір-бірін естіп, түсіне алу керек.
Ал Наурызбай мен Нұрғайша Тыныбековтер бүгін өздерінің алтын тойын атап өтті. Кезіндегі бозбала Нұрғайшаны 1974 жылы тұқым себу кезінде жолықтырған. Тап сол жылы жас жұбайлар Қорғалжын ауылында той жасап, отбасылы болады. Бүгінгі күні олардың 4 баласы мен 9 немересі бар. Қуаныш иелерінің айтуынша, шаңырақтың кең әрі берік болуының құпиясы - өзара сыйластықты сақтау.
Айта кету керек, мерейтой иелері АХАТ бөлімінде некесін қиюға келген екі жастың қуанышына куә болды. Қариялар жас отбасыға өсиеттерін айтып, батасын берді. Құрылып жатқан отбасының шаңырақтары биік болсын деген ниетпен алтын, зүбаржат той иелері отбасылық жылулық пен жайлылықтың белгісіне айналған киіз үй кәдесыйын сыйға тартты.