1 шілдеде АХАТ функциялары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ берілді. Мемлекеттік корпорация басшылығы алғашқы неке және баланың туу туралы куәліктерін алған азаматтарды құттықтады. Оларға естелік сыйлықтар мен құттықтау хаттары табысталды.
Бүгін Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Сүйеніш Әбділдин Астана қаласының АХАТ бөлімшесінде қуаныш иелеріне жүрек жарды тілегін білдірді. Ол жас жұбайлар мен жаңадан ата-ана атанған азаматтарға Мемлекеттік корпорацияның елтаңбалы мөрі басылған неке және баланың туу туралы куәліктерін берді. Сондай-ақ, қызмет алушыларға құттықтау хаттары мен кәдесыйлар табысталды. Өңірлерде бұл акцияны филиал директорлары белсенді қолдады. Олар АХАТ бөлімдеріне барып, жас жұбайлар мен ата-ана атанған азаматтарды жеке құттықтады.
АХАТ функциялары көшірілгенімен қызметтерді беру тәртібі өзгермейтінін атап өтеміз. Некені бұрынғыдай тіркеуші органның бөлімшесінде рәсімдеуге болады. Сондай-ақ, азаматтар өтініш берген кезде некені салтанатты түрде өткізуді таңдай алады.
Айта кетейік, 1 шілдеде еліміз бойынша 76 некені тіркеу рәсімі өткізілді. Сондай-ақ, бұл күні 600-ге жуық туу туралы куәлік берілді. Естеріңізге сала кетейік, некені тіркеу тариф құны 3 874 теңгені құрайды, ал туу туралы куәлік тегін табысталады.