Қолданба ретінде орнату
1) Safari немесе Chrome браузерін ашыңыз
1.1) Safari Үшін
2.2) Chrome үшін мәзірді ашыңыз
2) Үйге арналған экранға

1414

Бірыңғай байланыс орталығы
(Қоңырау шалу тегін)

Қағазсыз болашақ. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасы халыққа қызмет көрсету орталықтарының дамуы жайлы айтып берді

ҚР орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин мемлекеттік қызметтер саласында енгізіліп жатқан инновациялар туралы айтты.

Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төрт негізгі бағыт – халыққа қызмет көрсету, әлеуметтік қамсыздандыру, жер кадастры, жылжымайтын мүлік және заңды тұлғаларды тіркеу салалары бойынша барлық мемлекеттік қызметтердің 95,9 % - ын көрсетеді. ХҚО-лардағы адамдар трафигінің 80%-ы 10 түрлі мемлекеттік қызметке тиесілі. Олардың ішінде ЭЦҚ алу, көлікті тіркеу және жеке куәлік пен паспорт рәсімдеу - жоғары сұранысқа ие қызметтер. 2021 жылы 2,4 млн жеке куәлік пен паспорт рәсімделді. ІІМ көрсететін бұл қызмет автоматтандырылмаған, сондықтан қызметті алу кезексіз болмайды.

«ХҚО-ларда жеке куәлік пен паспорт алуға өтінімдерді көші-қон полициясының екі қызметкері ғана қабылдайды. Ары қарай клиент кассаға, содан соң фотоға түсу үшін екінші қызметкерге баруы тиіс. Бүкіл процесс 20-30 минутты алатын. Жақын арада пилоттық жоба аясында Нұр-Сұлтан қаласының ХҚО-ларында құжаттандыруға арналған 15 терминал орнатамыз. Клиент барлық деректерді өз бетінше толтырады. Терминал биометриялық сәйкестендіру жүргізіп, фотоға түсіреді, QR-код арқылы төлем қабылдайды. Бұл рәсімдеу процесін 10 минутқа дейін қысқартпақ. Құжат дайын болған кезде оны клиент ХҚО-дан алып кетеді. Біздің жақын болашақтағы басты мақсатымыз – өзіне-өзі қызмет көрсетуге бағдарланған ХҚО-ларда мемлекеттік қызметтерді толықтай қағазсыз көрсету» - деді Сүйеніш Әбділдин.

С.Әбділдиннің айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мемлекеттік аппаратты бюрократиясыздандыру туралы тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік корпорация барлық мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру жұмыстарын жалғастырады.

2021 жылы мемлекеттік корпорация қызмет көрсету процестерін оңтайландыру аясында банк қосымшаларының көмегімен автокөлікті тіркеу және қайта тіркеу сервисін іске қосты. Енді клиенттер бұл қызметті алу үшін автоцонға бармай-ақ, онлайн режимде рәсімдей алады. Өткен жылдың қортындысы бойынша қазақстандықтар сервисті 626 мың рет пайдаланса, 2022 жылдың бірінші тоқсанында-ақ бұл көрсеткіш 244 мыңға жетті.

Мемлекеттік корпорация мамандандырылған ХҚО қызметіне де инновациялар енгізуде. 2021 жылдан бастап Қазақстанның 11 қаласындағы практикалық емтихан тапсыруға арналған 14 автодром жаңа GPS жүйесімен жабдықталды. Ал теорияда емтихан тапсырушы биометриялық сәйкестендіруден өтеді. Жүргізуші куәлігін алуда мұндай технологияларды пайдалану сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді. Мамандандырылған ХҚО-ларда биометриялық жүйе енгізілген соң жүргізуші куәлігін алғандар саны орта есеппен 58% - ға азайды.

Мемлекеттік корпорация төрағасы «ХҚО» мобильді қосымшасын таныстырды. Бұл қосымша арқылы клиенттер ХҚО операторына бейнеқоңырау шалып, өзіне қажетті мемлекеттік қызметтерді ала алады. Әзірге қосымшада 13 қызмет қолжетімді, жыл соңына дейін тағы 24 қызметті қосу жоспарланып отыр. Қосымшаны қазақстандықтар 32 490 рет жүктеп алған, операторлар 36 915 бейнеқоңырау қабылдап, қосымша арқылы азаматтарға барлығы 13 647 мемлекеттік қызмет көрсетілген.

ХҚО-ларда кезекті болдырмау мақсатында мемлекеттік корпорация 2021 жылы екінші деңгейлі банктермен бірлесіп мемлекеттік бажды QR-кодпен төлеуді енгізді. 2021 жылдың мамыр-желтоқсан аралығында 638 мың транзакция, ал 2022 жылдың алғашқы тоқсанында 411 мың транзакция жүргізілді.

Сервис іске қосылған сәттен бастап қазақстандықтар жалпы сомасы 6,4 млрд теңгеге 1,1 млн рет пайдаланып үлгерген. Бұрын мемлекеттік бажды кассаларға төлегенде клиенттер 300 теңге мөлшерінде комиссия төлейтін, QR-төлемнің арқасында олар 300 млн теңге үнемдеді.

Әбділдиннің айтуынша, жылжымайтын мүлік қызметтері бойынша бэк-офистерді цифрландыру жұмыстары аясында қызметтерді адамның қатысуынсыз және қағазсыз көрсету форматына көшіру жалғасуда. Blockchain технологиясын қолдану арқылы «цифрлық ипотека» жобасы іске қосылды. Бұл жоба ипотеканы рәсімдеу процесін қысқартуға мүмкіндік берді, сұралатын құжаттар санын азайтты, ХҚО-ға бару қажеттілігін жойды.

2021 жылы мемлекеттік корпорация заңды тұлғалар бойынша 24 мың мемлекеттік қызметті адамның қатысуынсыз, толықтай автоматты режимде көрсетті. Алты қызметтің екеуі, атап айтқанда, заңды тұлғаларды тіркеу, жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу, сондай-ақ заңды тұлға басшысын өзгерту қызметтері толық автоматтандырылған.

Брифингте Сүйеніш Әбділдин әлеуметтік төлемдердің 44 түрін көрсететін әлеуметтік блоктың жұмысы туралы айтты. Қазақстан бойынша барлығы 3,6 млн зейнетақы және жәрдемақы алушы бар. 2021 жылы әлеуметтік төлемдер саласы бойынша экстерриториалдық қағидат енгізілді - енді 20 түрлі жәрдемақының 17-сін тұрғылықты тұратын мекенжайына қарамастан, кез-келген қалада рәсімдеуге болады. Kaspi және Halyq Homebank-пен бірлесіп, баланың тууы бойынша жәрдемақыларды банк қосымшалары арқылы рәсімдеу сервисі жүзеге асты.

Корпорация «мемлекет-азаматтарға» қағидатымен 13 мемлекеттік қызметті проактивті түрде ұсынып келеді. Жәрдемақыны рәсімдеу үшін азаматтарға ХҚО-ға барудың, анықтама жинаудың қажеті жоқ, SMS арқылы өз деректерін растап, келісімін берсе жеткілікті.

2021 жылдың сәуірінде 1414 Бірыңғай байланыс орталығы мемлекеттік корпорацияның қарамағына өтті. Осы уақыт ішінде операторлардың қоңырау қабылдау пайызы артып, қосылу уақыты 16 секундқа дейін қысқарды. Жұмыс сапасын бағалау көрсеткіші 4,81-ге жетті. 2022 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтар ББО-ға 4 млн рет жүгінген.

Қазақстан бойынша мемлекеттік корпорацияның 328 фронт және 442 бэк-офистері, 32 мамандандырылған ХҚО, 20 автодромы бар, барлығы 22 068 қызметкер жұмыс жасайды.