«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында төрағаның орынбасары тағайындалды

Асхат Ибраев 1981 жылы дүниеге келген. 2002 жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. 2002 жылдың тамызынан 2003 жылдың мамырына дейін Қостанай облысы, Қарасу ауданында прокурордың көмекшісі міндетін атқарушы, 2003 жылдың мамырынан 2006 жылдың маусымына дейін Қостанай облысы, Қарасу ауданы прокурорының көмекшісі болып жұмыс істеді.

2006 жылдың маусымынан 2008 жылдың желтоқсаны аралығында Қостанай облыстық прокуратурасының қылмыстық істер бойынша сот қаулыларының заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры, 2008 жылдың желтоқсанынан 2010 жылдың мамырына дейін Қостанай қаласы прокурорының орынбасары болып жұмыс істеді.

2010 жылдың мамырында Қостанай облысы, Жангелдин ауданының прокуроры болып тағайындалды, 2012 жылдың желтоқсанында Қостанай облысы прокуратурасының басқарма бастығы - аппарат басшысы лауазымына ауысты.

2017 жылдың қазан айынан 2018 жылдың мамырайы аралығында ҚР Бас Прокуроры аппаратының өтініштермен жұмыс және іс жүргізу басқармасының бастығы болды.

2018-2019 жылдары Қостанай облысы прокурорының орынбасары болып қызмет атқарды.

2019 жылдан мемлекеттік корпорацияға тағайындалғанға дейін ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитетінің жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін есепке алу және талдау басқармасын басқарды.