Жаңалықтар

Жаңалықтар

Азаматтарға арналған үкімет Алматы мен оның өңірінде екі мамандандырылған ХҚО ашты

10.09.2019

Бүгін Алматы қаласы мен Алматы облысының Қарасай ауданында бір-бір мамандандырылған ХҚО іске қосылды. Мегаполистегі орталықтың ашылу салтанатына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташаева, қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов және ғимарат иесі – кәсіпкер-меценат, олимпиада ойындарының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров қатысты. 
Алматы қаласында ашылып отырған автоХҚО – шаһардағы алтыншы мамандандырылған ХҚО. Алматыда күніне автокөлік иелеріне орташа есеппен 6 000 қызмет көрсетіледі. Жаңа автоХҚО олардың жүктемесін азайтып, қызметтердің сапалы әрі жылдам көрсетілуіне мүмкіндік береді. «Біз алматылықтардың өтінішін ескеріп, автоХҚО-дағы қызмет алушылардың көптігіне байланысты проблеманы шешу үшін осы өңірде тағы екі автоХҚО ашып отырмыз. Таяу арада Талғар ауданында тағы бір мамандандырылған ХҚО ашу жоспарда бар. Еліміздегі ең үлкен автобазар Алматыда, өзге облыс орталығының көлік иелері де осында құжаттарын жасатып, сатып алған көліктерін қайта тіркеп жатады. Жаңа орталықтар оларға автоқызметтерді алу ретін жеңілдетеді. Алматылық МХҚО-ның ерекшелігі – оның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде ашылуында», – дейді басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.  
№6 Мамандандырылған ХҚО: Алматы қаласының Кемел шағын ауданы, Ақсуат 118 мекенжайында орналасқан автоХҚО ғимараты 1000 м2 алып жатыр. Орталықта 30 қызмет үстелі бар, қосымша өзіне-өзі қызмет көрсету – connection point залы қарастырылған. Орталықтағы күту залы 200 орынға арналған. 300 көлікке арналған автотұрақ жұмыс істейді. Жаңа орталық №1 және №2 автоХҚО жүктемесін 30 % азайтады.   
Мамандандырылған ХҚО: Алматы облысының Қарасай ауданы, Кемертоған ауылында ашылған автоХҚО 1200 м2 аумақты алып жатыр. Қызмет алушылар үшін 22 жұмыс үстелі қарастырылған. Күту залы 150 орынға арналса, ғимарат сыртында 150 көлікке арналған автотұрақ бар. Облыстық автоХҚО Алматының №1 және №4 автоХҚО жүктемесін 50 % азайтады. 
Айта кетейік, еліміздің әр облысында мамандандырылған ХҚО жұмыс істейді. Көлік иелері онда жүргізуші куәліктерін ауыстырып, көліктерін қайта тіркеуге қойып, жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыра алады. Алғашқы екі қызметті автоХҚО-ға бармай-ақ, онлайн алуға болатынын да ескертеміз. Ол үшін көлік иесінің электронды цифрлық қолтаңбасы болу керек. 
Естеріңізге салайық, мемлекеттік корпорацияның жартыжылдық жұмысын қорытындылау отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуін қамтамасыз етуді және қосымша халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашуды тапсырған болатын.